Қытайда 10,7 млрд долларға салынған жаңа канал іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қытайда елдің оңтүстік-батыс өңірлерінен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қысқа кеме жолы ретінде салынған 134 шақырым «Пинлу» каналы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.
Су жолы Гуанси-Чжуан автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Наньнинді Бейбу шығанағымен байланыстырады. Осылайша Қытайдың ішкі аймақтары халықаралық кеме жолдарына тікелей қол жеткізіп отыр.
Ашылу күні порттан жаңа бағыт бойынша Вьетнам мен Қытайдың Хайнань аралына алғашқы жүк кемелері жолға шықты.
— Жаңа су жолы Қытайдың оңтүстік-батысы мен АСЕАН елдері арасындағы су жолын 560 шақырымға қысқартады, логистикалық шығындарды 18-30%-ға азайтады, — деді Guangxi Pinglu Canal Construction бас инженері Пань Цзянь.
Су ығыстырымы 5000 тоннаға дейінгі кемелердің жүруіне арналған каналдың құрылысы 2022 жылы басталған. Жобаға жалпы 72,7 миллиард юань (шамамен 10,75 миллиард доллар) инвестиция салынды.
Сарапшылардың пікірінше, Пинлу каналы елдің оңтүстік-батысындағы өзен және теңіз жолдарын Қытай-Еуропа дәлізінің Еуразия құрлығымен өтетін бөліктерімен біріктіреді, аймақтық ынтымақтастық пен сыртқы сауда байланыстарын нығайтады.
Бұған дейін Қытайда жүк кемесі өртеніп, 25 адам қаза тапқанын жаздық.