Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытайда аяқ киім фабрикасындағы өрттен 28 адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайдың Фуцзянь провинциясы Цюаньчжоу қаласына қарасты Цзиньцзян уездік қаласындағы аяқ киім фабрикасында болған өрт салдарынан 28 адам қаза тапты.

в
Фото: news.cn

Қытайлық БАҚ-тардың хабарлауынша, оқиға 9 шілде күні түскі уақытта болған. Өрт Цзиньцзян қаласының Цзянтоу ауылында орналасқан «Хуэйтэн аяқ киім өндірісі» компаниясының ғимаратында шыққан.

Цзиньцзян қаласының өрт сөндіру-құтқару қызметінің мәліметінше, төтенше жағдай туралы хабарлама сағат 12:04-те түскен. Өрт орнына 183 құтқарушы мен 35 арнайы техника жіберілген.

Оқиға орнынан тараған бейнежазбаларда ғимараттың жоғарғы бөлігінен қою қара түтін шығып, жалынның күшейгені көрінеді.

Құтқару жұмыстарына тікұшақтар да тартылған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 17:40 шамасында өрт негізінен сөндірілген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ғимараттың бірінші қабатынан басталған. 
Қытайдың CCTV телеарнасы өрт салдарынан адам шығыны болғанын растады. Кейінірек жергілікті органдар апат құрбандарының саны 28-ге жеткенін хабарлады.

Синьхуа агенттігінің жазуынша , Оқиғадан кейін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жағдайға айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар берген. Ол зардап шеккендерді іздеу-құтқару жұмыстарын барынша тиімді жүргізу, қаза тапқандардың туыстарына көмек көрсету, сондай-ақ апаттың себептерін жедел анықтап, жауапты тұлғаларды заң аясында қатаң жауапкершілікке тарту қажеттігін атап өткен.

Бұған дейін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы су тасқынынан 39 адам қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.