Қытайда кедейлікті азайту жөніндегі жаһандық альянс құрылды

АСТАНА. KAZINFORM — 27 мамыр күні Бейжіңде өткен халықаралық форумда кедейлікті азайту және дамыту жөніндегі жаһандық серіктестік альянсының құрылғаны жарияланды. Бірлестікті құруға 54 мемлекет пен тоғыз халықаралық ұйым бастамашы болды, деп хабарлайды агенттіктің Бейжіңдегі меншікті тілшісі

Қытайда кедейлікті азайту жөніндегі жаһандық альянс құрылды
Фото: Берик Табынбаев / Kazinform

2026 жылғы Кедейлікті азайту және дамыту жөніндегі жоғары деңгейлі форумның ашылуында сөз сөйлеген Қытай Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Лю Гочжун елдің абсолютті кедейлікпен күресте табысты жеңіске жеткенін атап өтті.

Альянс жұмысын дамыту үшін Бейжің 2030 жылға дейінгі БҰҰ мақсаттарын іске асыруды жеделдету, тәжірибе алмасуды күшейту, нарықтық тетіктерді дамыту және көпжақты үйлестіруді арттыруды қамтитын 4 негізгі бастама ұсынды. Қытай дамушы елдерге саяси диалог, кадрларды оқыту және технологиялар трансфері арқылы қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

БҰҰ-ның Қытайдағы үйлестірушісі Стефен Джексон Қытайдың 800 миллион адамды кедейліктен шығарудағы жетістігін «таңғаларлық жетістік» деп атады. Оның айтуынша, бұл тәжірибе ұйымның жаһандық деңгейде кедейлікті толық жоюға бағытталған Тұрақты даму мақсаттарының алғашқы бағытын жүзеге асыру үшін аса маңызды.

Спикердің сөзінше, бүкіл әлем, әсіресе ғаламдық оңтүстік елдері бұл тәжірибені зерттеп, тәжірибеде қолдануға мұқтаж. Ол сондай-ақ бүгінде әлем бойынша аса кедей жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар саны да дәл сол 800 миллион адам екенін айтты.

Ашылу рәсіміне Камбоджа премьер-министрінің орынбасары Вонгсей Виссит мен Шығыс Тимор премьер-министрінің орынбасары Мариану Сабину қатысып, сөз сөйледі. Ал Антониу Гутерриш форумға құттықтау хатын жолдады.

Айта кетейік, Еуропа 2050 жылға қарай кедейлікті жоюды мақсат етіп отыр.