Еуропа 2050 жылға қарай кедейлікті жоюды мақсат етіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Еуроодақ кедейлікпен күреске арналған кешенді стратегия ұсынды. 2030 жылға қарай билік өкілдері кедейлік немесе әлеуметтік оқшаулану қаупі бар адамдар санын кемінде 15 миллионға қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW.
Қазіргі таңда ЕО-да әрбір бесінші тұрғын және әрбір төртінші бала кедейлік қаупінде өмір сүріп жатыр.
Қаржылық тұрғыдан қиын жағдайда 93 миллион адам бар. Әсіресе, жалғызбасты ата-аналар мен 16-29 жас аралығындағы жастар осал топқа жатады.
Еурокомиссияның вице-президенті Роксана Мынзату қазіргі геосаяси және экономикалық дағдарыстарға байланысты жағдай алдағы уақытта одан әрі нашарлауы мүмкін екенін айтты.
Еурокомиссия кедейлікті азайту үшін білім беру, денсаулық сақтау және мектепке дейінгі мекемелерге қолжетімділікті жақсартуды ұсынады. Сонымен қатар, психикалық денсаулық саласындағы бағдарламаларды кеңейту және тұрғын үй тапшылығына қарсы тиімді шаралар қабылдау жоспарланған. Қазіргі кезде шамамен 1 миллионға жуық адамның баспанасы жоқ.
Бұдан бөлек, ЕО-да шамамен 90 миллион мүмкіндігі шектеулі адамды қоғамға бейімдеу де негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.
Аталған бастамаға жеке қаржыландыру қарастырылмаған. Брюссельде бұрыннан бөлінген қаражатты тиімді пайдалануға басымдық беру ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, ЕО-ның алдағы бірнеше жылға арналған бюджетінде әлеуметтік салаға кемінде 100 миллиард еуро бөлінген. Сонымен қатар, Еуропалық инвестициялық банк пен өзге де ұйымдар әлеуметтік инфрақұрылымға миллиардтаған еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Айта кетелік Еуропада тапсырыспен жасалатын қылмыстарға қарсы операцияда 280 адам ұсталғаны туралы жазған едік.