Қытайда тасқын мен дауылдан 10 адам қаза тауып, ондаған мың тұрғын зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы Наньнин қалалық округінде нөсер жауыннан кейінгі су тасқыны мен бірнеше су қоймасы бөгеттерінің бұзылуы салдарынан екі адам қаза тауып, шамамен 55 мың адам апат аймағында қалды.

Қытайда су тасқынынан екі адам қаза тауып, 55 мыңға жуық адам зардап шекті
Фото: Синьхуа

Синьхуа агенттігінің дерегіне сәйкес, бұл туралы жергілікті билік дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Шенеуніктердің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен аудандардан жалпы саны 48 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.

4 шілде сағат 08:00-ден 6 шілде сағат 11:00-ге дейін «Майсак» тайфунының әсерінен Наньнин қалалық округінің басым бөлігіне нөсер жаңбыр құйды. Дүйсенбі күні сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы 59 өзендегі су деңгейі қауіпті межеден асты.

Наньнин қаласының Төтенше жағдайларды басқару бюросы басшысының орынбасары Хуан Лу дүйсенбі күні сағат 20:00-дегі жағдай бойынша апат болған аудандарда су деңгейінің төмендеу белгілері байқала бастағанын айтты. Сонымен қатар су басу қаупі бар ауылдарда тұрғындарды ерте ескерту және эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

Сол күні Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданына 150 мың дана шұғыл гуманитарлық көмек жіберілгенін хабарлады. Қазір өңірде Наньнин және Гуйган қалалық округтерін қамтыған нөсер жауыннан кейінгі су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Дүйсенбі күні Қытайдың Су ресурстары министрлігі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы су тасқынына байланысты төтенше әрекет ету деңгейін үшінші деңгейден екінші деңгейге көтерді.

Сонымен қатар Орталық Қытайдағы Хубэй провинциясының шығыс бөлігінде дүйсенбі күні кешке күшті конвективті ауа райы құбылыстары салдарынан болған найзағай мен қатты желден сегіз адам қаза тауып, тағы бір адам із-түзсіз жоғалды. Бұл туралы провинциялық Төтенше жағдайларды басқару департаментінің мәліметінде айтылды.

Дүйсенбі күні сағат 19:00 мен 23:00 аралығында Хуанши, Хуанган, Эчжоу және Сяньнин қалаларында найзағай ойнап, қатты жел соқты. Екі кенттік және ауылдық әкімшілік бірлікте желдің екпіні 13 баллға дейін жетсе, кейбір кенттер мен ауылдарда торнадо тіркелді.

Жергілікті оқиға орнындағы құтқару штабының сейсенбі күні хабарлауынша, Хуанган қаласындағы Хуанчжоу ауданының үш шағынауданы кенеттен болған күшті конвективті ауа райынан қатты зардап шеккен.

Сейсенбі күні таңғы сағат 05:00-дегі жағдай бойынша аталған үш шағынауданда 275 адам зардап шекті. Жалпы 408 тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қазір өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін Қытайдың жер сілкінісінен зардап шеккендерге жіберген алғашқы гуманитарлық көмегі Венесуэлаға жеткенін жазғанбыз.