Қытайда теңіз астындағы ең ұзын автожол туннелін қазу аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда қалқанды әдіспен елдегі ең ұзын теңізасты автожол туннелін қазу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытай теміржол құрылысы корпорациясының мәліметінше, қалқанды машина Шаньдун провинциясындағы Цзяочжоу шығанағының теңіз түбінен 105 метр тереңдікте жобалық межеге жеткен.
Цзяочжоу шығанағы арқылы өтетін екінші туннель Циндао қаласының орталық бөлігін қаланың Батыс жағалауы жаңа ауданымен байланыстырады.
Жобаның жалпы ұзындығы 17,48 шақырымды құрайды. Оның 14,37 шақырымы негізгі туннель учаскесіне тиесілі. Жоба екі автожол туннелі мен олардың арасындағы қызметтік туннельден тұрады. Әр бағытта үш жолақ болады. Көлік қозғалысының есептік жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді.
Қытай теміржол құрылысы корпорациясының 14-бюросының өкілі Ван Цзюньпиннің айтуынша, құрылыс кезінде бұрғылап-жару және қалқанды әдістері қолданылған. Жұмыс шығанақтың шығыс және батыс жағалауларынан қатар жүргізіліп, кейін туннель учаскелері су астында түйістірілген.
Негізгі туннельдің теңіз бетінен ең төменгі тереңдігі 95 метр болса, қызметтік туннель 105 метр тереңдікте орналасады. Мұндай тереңдікте құрылымға су қысымы қатты әсер ететіндіктен, туннельдің герметикалығы мен гидрооқшаулауына жоғары талап қойылады.
Нысанда топырақты сыртқа шығарудың жаңа жүйесі алғаш рет қолданылды. Оның құрамына бұрандалы конвейер, бункер және тау жыныстарын ұсатқыш кіреді. Ван Цзюньпиннің айтуынша, бұл жүйе жұмыс тиімділігін арттырып, жабдықтың бітеліп қалу қаупін азайтқан. Сонымен қатар мамандар туннель қазу кезінде қалқанды машинаны дірілден қорғайтын технология әзірлеген. Бұл жабдықтың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа туннель Цзяочжоу шығанағы арқылы өтетін қолданыстағы туннель және көпірмен, сондай-ақ шығанақ маңындағы автожол инфрақұрылымымен бірігіп, Циндаоның әр ауданын байланыстыратын көпдеңгейлі көлік жүйесін қалыптастырады.
Бұған дейін шілде айында Қытайдың Көлік министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық кезеңінде көлік жүйесін дамыту жоспарларын жариялаған еді. 2030 жылға қарай билік заманауи көлік қызметтерінің жүйесін негізінен қалыптастыруды көздеп отыр.
Жоспар аясында көліктің әртүрлі түрлерінің өзара байланысын жақсарту, бір көлік түрінен екіншісіне ауысуды жеңілдету және жүк тасымалының тиімділігін арттыру көзделген. Сондай-ақ Қытай туристік бағыттардағы көлік инфрақұрылымын дамытуға, көлік тораптарының жұмысын жетілдіруге және ауылдық жерлердегі жолаушы, жүк және курьерлік қызметтерді жақсартуға ниетті.
Бұған дейін Дубайда Илон Масктың компаниясы жобалаған жерасты туннельдері салынатыны туралы хабарлаған болатынбыз.