Дубайда Илон Масктың компаниясы жобалаған жерасты туннельдері салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Дубайдың Жолдар және көлік басқармасы Илон Маск негізін қалаған туннельдер және инфрақұрылым құрылыс компаниясы The Boring Company-мен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Подземные туннели по проекту компании Илона Маска построят в Дубае
Фото: Dubai Media Office

Бұл келісім Dubai Loop жерасты жолаушылар тасымалы жүйесінің бірінші кезеңінің басталуын белгіледі.

Жобаның бірінші кезеңі – төрт станциясы бар 6,4 шақырым Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) мен The Dubai Mall сауда орталығын байланыстырады. Кейіннен жоба 22,2 шақырымға (19 станция) дейін кеңейтіліп, Дубай Дүниежүзілік сауда орталығы мен қаржы ауданын Business Bay ауданымен байланыстырады.

Дубайдың мұрагер ханзадасы бір жылдан аз уақыт бұрын жариялаған Dubai Loop жобасы – әрқайсысының диаметрі 3,6 метр болатын жерасты туннельдерінің желісі, ол жолаушыларды автомобильмен тасымалдауға арналған және халық тығыз қоныстанған аудандарда көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Дубай медиакеңсесінің мәліметінше, жоба пилоттық кезеңінде күніне 13 мыңға дейін жолаушыға қызмет көрсетеді деп шамаланып отыр. Құрылыс мерзімі үш жылға есептелген толық жоба күніне 30 мың жолаушыға дейін қызмет көрсете алады.

The Boring Company – жолаушылар тасымалына арналған туннельдер құрылысшысы. Оның жобаларының арасында қазіргі уақытта салынып жатқан Vegas Loop және Tesla көліктерімен жолаушыларды тасымалдауға арналған Лас-Вегастағы туннельдер желісі – аяқталған LVCC Loop бар.

Бұған дейін Дубайда алтыннан көше салынатынын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар