Қытайда трансұлттық қылмыстық топтың төрт басшысы өлім жазасына кесілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі Мьянманың солтүстігінде әрекет еткен, Бай кланына тиесілі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың төрт басшысына қатысты өлім жазасын орындады, деп хабарлайды Xinhua.
Сот процесі 2025 жылғы қараша айында басталды. Бірінші сатыдағы сот Бай Сочэн, Бай Инцан, Ян Лицян, Ху Сяоцзян және Чэнь Гуаньді қасақана адам өлтіру, адам ұрлау, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру, сондай-ақ аса ірі көлемде есірткі өндіру және өткізу фактілері бойынша кінәлі деп таныды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Бай қылмыстық қауымдастығының қаржылық айналымы ірі халықаралық корпорациялардың көрсеткіштерімен шамалас болған. Алаяқтық колл-орталықтар мен онлайн-казиноларды қоса алғанда, ҰҚТ бақылауындағы көлеңкелі құрылымдар арқылы өткен қаржы көлемі 29 млрд юаньнан асты, бұл 4 млрд АҚШ долларынан көп.
Сот қылмыстық топ басшыларының шамамен 11 тонна метамфетаминді заңсыз өндіру мен өткізуге қатысы барын растады. Топ мүшелерінің күш қолдану әрекеттері салдарынан Қытайдың 6 азаматы қаза тауып, бірнеше адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
2025 жылғы 24 желтоқсанда Гуандун провинциясының Жоғарғы халық соты апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырып, үкімді күшінде қалдыру туралы шешім қабылдады және істі заң талаптарына сәйкес ҚХР Жоғарғы халық сотының бекітуіне жолдады.
Сотталғандардың бірі – Бай Сочэн үкім орындалмай тұрып аурудан қайтыс болған.
Жоғарғы сот үкімдердің заңдылығын және олардың келтірілген залал мен жасалған қылмыстардың ауырлығына сай екенін растады. Өлім жазасы Гуандун провинциясындағы Шэньчжэнь қаласының соты арқылы, ҚХР Жоғарғы халық сотының санкциясымен орындалды.
Үкім орындалар алдында сотталғандарға жақын туыстарымен кездесу мүмкіндігі берілген.
Бұған дейін Қытайда алаяқтық пен кісі өлтіру қылмыстары үшін трансшекаралық қылмыстық топтың 11 мүшесі өлім жазасына кесілгені хабарланған болатын.