Қытайда велосипед өндірісінің жалпы көлемі 110 млн данадан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Жұма күні жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қытайдың велосипед өнеркәсібінде өндіріс тұрақты өсім көрсетті. Жалпы өндіріс көлемі 110,8 млн данаға жетіп, жылдық есеппен 11,3 пайызға артқан, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл деректер Шанхайда өтіп жатқан 34-ші Қытай халықаралық велосипед көрмесі аясында жарияланды. Велосипед саласындағы экологиялық тазалық, интеллектуалдандыру және жоғары сапалы өнім өндіру бағытындағы жаһандық үрдістерге сәйкес, биылғы көрмеде ең жаңа велосипедтер мен саланың жаңа даму бағыттары таныстырылды.
Қытай велосипед қауымдастығы вице-президенті әрі бас хатшысы Го Вэньюйдің айтуынша, 2025 жылы Қытайдың жетекші велосипед кәсіпорындарының табысы 2024 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өскен, ал пайда көлемі айтарлықтай артқан.
2025 жылы Қытай шетел нарықтарына шамамен 48,94 млн велосипед экспорттады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға көп және тұрақты өсім қарқыны сақталғанын көрсетеді.
Велосипед бөлшектерінің экспорты 3,63 млрд АҚШ доллар болып, 2024 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға артқан. Бұл саланың жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін байқатады.
— Велосипед секторы тұтынудың жаңа мүмкіндіктерін ашып жатыр, ал қолдану аясының әртүрлілігі нарықтағы нақты сұранысты ынталандырып отыр, — деді Го Вэньюй.
2025 жылы Қытай бойынша барлығы 101 веложарыс өткізілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Жарыстарға 1 млн-нан астам адам қатысқан. Елдегі әуесқой велоклубтардың саны 80 мыңнан асып, велосипедке арналған жабдықтар нарығының қарқынды өсуіне ықпал етіп отыр.
Ел бойынша ортақ пайдаланылатын велосипедтермен күн сайынғы сапар саны 120 млн-ға жетеді. Бұл қалалық көлік жүйесін толықтырып, жұмысқа бару мен қысқа қашықтықтағы сапарларға деген сұранысты тиімді қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы ескі электрлі велосипедтерді жаңасына трейд-ин бағдарламасы арқылы ауыстыру жүйесі күшіне енді. Сонымен қатар электрлі велосипедтерге арналған жаңа мемлекеттік қауіпсіздік стандарты қабылданды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы осы бағдарлама аясында 12,5 млн-нан астам электрлі велосипед сатылған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 10 есе жоғары.
— Бұл стандарттар нарықтағы белсенділікті арттырып қана қоймай, бүкіл велосипед саласына ұлттық деңгейде қауіпсіздік талаптарын енгізді. Соның арқасында саланың сапасы мен тиімділігі артып, жоғары сапалы дамуына жол ашылады, — деп қосты Го Вэньюй.
Айта кетелік Қытайда зауыттағы жарылыстан қаза тапқандар саны 37 адамға жеткен еді.