Қытайдағы 5 электромобильдің құны АҚШ-тағы бір көлікпен бірдей

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай автонарығындағы гипербәсекелестік бағаның күрт төмендеуіне әкелді. АҚШ-тағы орташа жаңа көліктің бағасына BYD және Geely компанияларынан қытайлық бес жаңа электромобиль сатып алуға болады, деп хабарлайды Kyodo.

Бейжіңде әлемдегі ең ірі халықаралық автокөрме ашылды
Фото: Xinhua

Осы аптада ашылған Бейжің автосалоны әлемдегі ең ірі автокөлік нарықтары — Қытай мен АҚШ арасындағы баға алшақтығының ауқымын айқын көрсетті.

Қытайда ішкі бәсекелестіктің нәтижесінде жаңа көліктердің бағасы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмендеді.

Kelley Blue Book мәліметтері бойынша наурызда АҚШ-та жаңа көліктің орташа бағасы 51 456 доллар болды. DCar платформасына сәйкес, Қытай нарығы бағасы 25 000 доллардан төмен 200-ден астам электр және гибридті модельдерді ұсынады.

Олардың арасында Қытайда ең көп сатылатын модельдердің бірі — бағасы шамамен 10 060 АҚШ долларынан басталатын Geely EX2 компактты электромобилі бар. Сондай-ақ, қалалық сапарларға арналған бюджеттік Wuling Hongguang Mini EV бағасы 6 560 АҚШ долларынан басталады.

Атап өтуге тұрарлық тағы үш модель — BYD компаниясының Seagull, Yuan UP және Qin Plus DM электромобильдері. Олардың бағасы шамамен 10-12 мың доллардан басталады. BYD соңғы жылдары Қытайдың арзан электромобильдер нарығында жетекші компания болып отыр. Мұнда көліктің бірнеше жүз мыңы сатылған.

Reuters агенттігінің DCar деректері негізінде жүргізілген талдауы Қытайдағы ең көп сатылатын бес электромобильдің бағасы АҚШ-тағы бір орташа көліктің бағасына тең екенін көрсетті. Бұл модельдер АҚШ автосалондарында әзірге сатылмайды.

Сарапшылар АҚШ нарығымен баға алшақтығы тек ұлғая беруі мүмкін деп отыр.

Осыған дейін Бейжіңде әлемдегі ең ірі халықаралық автокөрме ашылғаны туралы жазған болатынбыз.