Қытайдағы алапат сел: 43 адам қаза болды, 519 адам хабар-ошарсыз кетті

АСТАНА. KAZINFORM — 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы Сицзан автономиялық ауданындағы Гьиронг өткізу бекеті маңында болған селден 43 адам қаза тапқаны расталды, деп хабарлайды Синьхуа.

43 dead, 519 missing after mudslide hits China-Nepal border port
Фото: Синьхуа

Сенбі күні сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша, тағы 519 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында екені анықталды. Бұл туралы жексенбіде жергілікті төтенше жағдайларға ден қою штабы мәлімдеді.

Қытайлық және шетелдік журналистер қатысқан баспасөз мәслихатында хабар-ошарсыз кеткендердің арасында 23 елдің 261 азаматы бар екені айтылды.

Баспасөз мәслихаты шетелдік БАҚ өкілдері демалыс күндері Гьиронг өткізу бекеті маңындағы сел жүрген аумаққа барғаннан кейін өтті.

Непал аумағындағы биік таулы мұздықтың опырылуынан кейін болған жойқын селден соң Қытай ауқымды іздеу-құтқару жұмыстарын бастады.

Сенбі күні сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Қытай тарапы құтқару жұмыстарына 2500-ден астам адам мен 500-ден астам техника жұмылдырған. Сондай-ақ дрондар мыңнан астам рет ұшырылып, әуеден 5,43 тонна жүк жеткізілген.

Бұдан бөлек, Гьиронг уезінің билігі аумақта қалып қойған Непалдың шекаралас аудандарының 1720 тұрғынына көмек көрсетті. Гьиронгта жұмыс істейтін немесе кәсіппен айналысатын көптеген непалдық азамат сел әдетте Қытай шекарасынан өту үшін пайдаланатын өткізу бекетін қиратып кеткеннен кейін ел аумағынан шыға алмай қалған.

Штаб өкілдерінің мәліметінше, Қытай табиғи апаттардың алдын алу жөніндегі ақпарат алмасу тетігі арқылы Непалға метеорологиялық және гидрологиялық жағдай, сондай-ақ мұздықтар мен мұздық көлдердің жай-күйі туралы жаңартылған деректерді күн сайын беріп отыр.

Айта кетейік, Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1294 адамға жетіп, тағы 5053 адаммен байланыс орнатылмай отырғаны хабарланды. Сондай-ақ, аймақта әлі де көшкін қаупі бар.

БҰҰ Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 49,6 млн доллар сұрады.

Елдегі жойқын су тасқыны болғаннан кейін 10 күн өткен соң құтқарушылар үйінді астынан екі адамды тірі тапты.

Непалдағы су тасқынынан жоғалып кеткен туристер байланысқа шыға бастады.

Осыған дейін өңірдегі жойқын тасқын ғарыштан түсірілгенін жазған едік.