Қытайдың Geely және GAC автомобильдері Ресей нарығынан кетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Geely және GAC қытайлық брендтері 2026 жылдың бірінші жартысында Ресейдегі өндірісін қолға алмайтын болса, ел нарығынан кетуі мүмкін. Бұл туралы «Рольф» компаниясының бас директоры Светлана Виноградова журналистерге айтты, деп хабарлайды ТАСС.
Автодилердің болжамынша, келесі жылы Ресей нарығында екі-үш жаңа қытайлық автокөлік бренді пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар осындай мөлшерде брендтердің кетуі де ықтимал.
«Басты мәселе — Geely және GAC локализациясы. Оларда нарықтың айтарлықтай үлесі бар, бұл брендтер ресейліктер арасында сұранысқа ие. Егер 2026 жылдың бірінші жартысында көлік құрастыруға кіріспесе, бұл брендтердің Ресей нарығынан кетуін жоққа шығармаймыз», делінген автодилердің таныстырылымында.
Виноградованың таныстырылымында атап өтілгендей, келесі жылы Ресейде жаңа жеңіл автомобильдердің параллель импорт үлесі 4%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Басты себеп — мұндай жеткізілімдердің 80–85%-ын қамтитын Қытайдың экспорттық шектеулері.
Өз кезегінде GAC автобрендінің баспасөз қызметі қытайлық компанияның Ресей нарығынан кетуді жоспарламайтынын және өз қатысуын кеңейту бойынша жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.
«Ресей нарығы GAC бренді үшін ғаламдық даму тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Ұзақ мерзімді стратегия өзгеріссіз қалады», делінген компания хабарламасында.
Қытайлық автобренд өкілдері GAC-тың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын және барлық ағымдағы міндеттемелерін орындауды растады. Компания өз позициясын нығайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп, дилерлік желісі мен сервис инфрақұрылымын дамытып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздегі автокөлік нарығындағы бағалар мен болжамдар туралы жазғанбыз.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында автолизинг қазақстандықтарға несімен тиімді болатынын айтты.