Қытайдың оңтүстік-батысында нөсер жауын салдарынан 10 мыңға жуық адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гуйчжоу провинциясында толассыз жауған жаңбыр су тасқынын туғызып, 10 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Синьхуа.
6-7 маусым күндері жауған нөсерден Цяньси қалалық уезі, Цзуньи қалалық округі және Чаншунь уезі қатты зардап шеккен.
Цяньси қалалық уезінде сенбіден жексенбі таңына дейін толассыз жауған жауын барлық 30 ауылдық округ пен кентті қамтыған. Оның ішінде бес елді мекенде жауын-шашын мөлшері аса жоғары деңгейге жеткен.
Жергілікті билік тәулік бойы жұмыс істейтін төтенше жағдай режиміне көшті. Қазіргі уақытқа дейін құтқарушылар 491 отбасының 1377 тұрғынын эвакуациялап, оқшауланып қалған 50-ден астам адамды құтқарған.
Чаншунь уезінде Баньцун су қоймасындағы электр қуатының үзілуі салдарынан нысанның жұмысы бұзылып, су деңгейі шекті межеден асып кеткен. Соның нәтижесінде төменгі ағыста орналасқан ауылдардан шамамен 1000 отбасының 3000-нан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді.
Қытайдың Су шаруашылығы министрлігі мен Метеорологиялық басқармасы 7 маусым сағат 18:00-ден бастап кенеттен болатын су тасқындарына байланысты ең жоғары «қызыл» деңгейдегі ескерту жариялады.
Ведомстволар 7 маусым сағат 20:00-ден 8 маусым сағат 20:00-ге дейін Гуйчжоу провинциясының оңтүстік-шығыс бөлігінде тасқын қаупі өте жоғары екенін мәлімдеді.
Табиғи апатқа қарсы шаралар аясында Цяньдуннань-Мяо-Дун автономиялық округінде 27 өзенге бақылау күшейтіліп, мыңдаған қызметкер жұмылдырылды.
Жексенбі кешіндегі мәлімет бойынша, аталған автономиялық округте 1322 отбасының 4582 тұрғыны алдын ала эвакуацияланған. Қазіргі уақытта тағы 7213 отбасының 21 754 тұрғынын көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Грекияның Эвбея аралында магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі тіркелді.