Қытайлар қартайып барады: алдағы 10 жылда 60-тан асқандар саны 400 млн-нан асады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда алдағы он жылда 60 жастан асқан адамдар саны 400 миллионнан асады деп күтілуде. Осыған байланысты ел билігі халықтың қартаюы мәселесін шешу шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайлар қартайып барады: алдағы 10 жылда 60-тан асқандар саны 400 млн-нан асады
Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Testing

2025 жылдың соңындағы дерек бойынша, Қытайда 60 жастан асқан 320 миллионнан астам адам болған. Бұл – ел халқының шамамен 23 пайызы.

Билік бұл мәселеге қарсы нақты қадамдар жасап жатыр. Мәселен, 2030 жылға қарай қалалық аудандар мен ауылдардың кемінде 70 пайызы қарттарға күтім көрсететін мекемелермен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ қиын жағдайда қалған егде жастағы азаматтарға тұрақты түрде барып, күтім көрсету тетіктерін енгізу жоспарланып отыр.

Сарапшылар халықтың қартаюы мен гендерлік теңгерімсіздіктің негізгі себептерінің бірі ретінде 1970 жылдардың соңында енгізілген «бір отбасы – бір бала» саясатын атайды. Соның салдарынан елде туу көрсеткіші төмендеген.

Кейін билік бұл шектеулерді біртіндеп жеңілдетті: 2013 жылы белгілі бір отбасыларға екінші балаға рұқсат берілсе, 2016 жылы барлық отбасыларға қатысты болды. Ал 2021 жылы үшінші балаға да рұқсат етілді. Соған қарамастан, туу деңгейі айтарлықтай өскен жоқ.

Соңғы деректерге сәйкес, өткен жылы Қытай халқы 3,39 миллион адамға азайып, 1,404 миллиардты құраған.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайда бір әйел бес бала – төрт қыз және бір ұл дүниеге әкелген еді. Медицина мамандарының айтуынша, табиғи жолмен бірден бес бала туу ықтималдығы 60 миллион жағдайдың біреуінде ғана кездеседі.

Еске сала кетсек, Қытай 30 жылда алғаш рет «Түрмелер туралы» заңды ауқымды түрде жаңартқанын жаздық.