Қытайлық саяхатшы қыз велосипедпен Қазақстанды аралауға шықты
АҚТАУ. KAZINFORM — Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген қандасымыз Бүрлен Әділетқызы Қазақстанды велосипедпен аралауды бастады. 21 жастағы велосаяхатшы алдымен Ақтауға келіп, бірнеше күн бойы Каспий теңізінің жағасындағы шаһардың көрікті жерлерімен танысты. Алдағы уақытта ол Бекет ата және Шопан ата жерасты мешіттері секілді киелі орындарға барып, мінәжат етуді жоспарлайды.
Одан кейін саяхатшы Батыс Қазақстан өңірлерін аралап, елдің барлық облыстарына баруды көздейді. Оның айтуынша, сапардың негізгі мақсаты — қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихын тереңірек танып-білу, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен жүздесу.
— Осы жолғы сапарымда алдыңғыға қарағанда аздап уайым бар. Себебі қазақ елін толық түсініп жатқан жоқпын. Енді осы сапар арқылы елді танып, түсінгім келеді. Маршрут жасағанда елдімекендердің арасы өте алыс екенін байқадым. Басқа қорқыныш жоқ, тек жолда қасқыр кездеспесе екен деп тілеймін, — дейді велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызы.
Бүрлен Әділетқызы сапар барысында алған әсерлерін әлеуметтік желілерде бөлісіп отыратынын жеткізді.
Айта кетейік, велосаяхатшы 2024 жылы Үрімші қаласынан Астана қаласына дейін 26 күнде жеткен. Сол сапарында ол өз велосипедін Тұңғыш Президент музейінің қорына тапсырған.
Бұған дейін, Маңғыстауда Бозжыра шатқалында визит орталықтың құрылысы аяқталғанын жазған болатынбыз.