Қытайлық сөмкемен тасыды: Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға ауыстырды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада қайырымдылық қордың бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап алу процесі жалғасып жатыр. 

Перизат Қайрат
Коллаж: Kazinform

Куәгер Әділхан Мусиннің мәлімдеуінше, ол сотталушы Перизат Қайратпен бірнеше рет кездесіп, қор қаржысын жеке кәсіпкерліктердің шоты арқылы қолма-қол ақшаға аударған.

- Қанша рет болғаны, нақты есімде жоқ, өйткені кездесу сәуір-мамыр айларында өтті. Бірақ кейін ақшаны мен тапсырдым, шатаспасам, үш кездесу болған сияқты. Дәл барлық соманы атай алмаймын, шамамен, бір жеке кәсіпкер орта есеппен 70 миллион теңге алған. Ұмытпасам, 12 - 13 жеке кәсіпкер болды. Менің түсінуімше, егер жеке кәсіпкер белгілі бір сомаға шарт жасасса, ол бұл соманы бір реттік аударыммен ала алған. Ал егер шартта қандай да бір ескерту болса, ол кезде екі траншпен жібере алған. Бірақ түсінгенім жеке кәсіпкерлердің көбісі ақшаны бір реттік аударыммен алған, - деді Әділхан Мусин сотта.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшаны күдікті Перизат Қайраттың өзі алып жүрген.

- Ақшаны Перизаттың өзі алып жүрді. Ыңғайлы болу үшін біз ақшаны сөмкелерге салатынбыз. Себебі банк бізге ақшаны буылған күйінде беретін. Оларды сөмкеге салған ыңғайлырақ еді. Бұл сөмкелер кейін өзіне жеке табысталып, көлікке жүктелетін, - дейді ол.

Осы орайда прокурор куәгерден ақшаның қандай сөмкемен тасығанын нақтылады.

- Кәдімгі қытайлық тор сөмкелері, - деп қысқа қайырды Ә.Мусин.

Сондай-ақ куәгер шамамен 210 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналғанын айтты.

Белгілі болғандай, тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған. 

Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды. 

Бұған дейін күдікті Перизат Қайрат басқарған қайырымдылық қорына Назарбаев мектебінінің ата-аналары шамамен 1 млн теңге жинап бергені туралы жазған болатынбыз. 

Одан бөлек Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған. 

Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотынан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді. 

Сот отырысында белгілі болғандай, Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған. 

Сонымен қатар «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты. 

Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты. 

Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар