Қытайлық танымал блогер Маңғыстауға қайта келді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық танымал модель әрі саяхатшы-блогер Таотао Айма Instagram желісінде 3 миллионға жуық оқырманы бар. Ол Маңғыстау облысы туралы бірнеше бейнеролик түсіріп, өңірдің көрікті жерлерін көрсетті. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлайды.

Қытайлық танымал блогер Маңғыстауға қайта келді
Фото: Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желі қолданушылары блогерді батыл образы үшін «Жас Мулан» деп атап кеткен.

Жаңа видеоларында Таотао ұлттық киім киіп, Бозжыра шатқалының ақ жартастары мен Боқты тауы аясында қолына бүркіт ұстап түскен. Торыш алқабында ол тазы тұқымды итпен бірге тас шарлардың арасында серуендеген. Ал Каспий теңізі жағалауында қара тұлпармен шауып өткен.

Айта кетейік, Таотао атқа нық отырады және саятшылық өнерін жетік меңгерген. Өз жарияланымдарында ол табиғат үйлесімі мен ұлттық дәстүрлердің байлығын насихаттайды.

Блогер Маңғыстау өңіріне екінші рет келіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол арнайы Амал мерекесіне шақырылған. Аталған мереке Отпан тауында өткен.

Бұған дейін қытайлық танымал блогердің Қазақстан туризмінің амбассадоры атанғаны хабарланған еді. 2025 жылы Таотаоға «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті мәртебесі берілді. Ол бұған дейін Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысы және Алматы облысының көрікті жерлерінде болған.

Айта кетейік, әлемдік әуен Бозжырада әуелеп, танымал пианистің ерекше жобасы елді тәнті етті.

Ал Димаштың музыкалық жобасы Каспий мен Бозжыраның сұлулығын әлемге паш етті.

Сондай-ақ 2023 жылы танымал DJ Бозжыра шатқалында бейнебаян түсірді.

Соңғы жаңалықтар