«Қызғылт қазан» акциясы: 8 мыңнан астам әйел сүт безі обырына ерте диагностикадан өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 8 мыңнан астам әйел «Қызғылт қазан» республикалық акциясына қатысып, сүт безі обырына ерте диагностикалық тексеруден өтті.

қызғылт қазан
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Акция халықтың сүт безі обыры туралы хабардарлығын арттыру мақсатында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен және еліміздің 20 өңірлік онкоорталығының қатысуымен ұйымдастырылды.

Акция шеңберінде онкоорталықтар мен емханаларда ашық есік күндері, кәсіпорындарда көшпелі тексерулер, сондай-ақ әйелдерге арналған дәрістер мен консультациялар өткізілді. Профилактикалық іс-шараларға ірі компаниялар да атсалысып, дәрігерлермен кездесу алаңдарын ұсынды.

Маммографияны қоса алғанда барлығы 3 440 зерттеу мен талдау жүргізілді. Нәтижесінде 629 әйелден онкологиялық және ісікалды үдерістер, 2 573 әйелден өзге патологиялық өзгерістер анықталды.

«Қазақстанда өткен кең ауқымды «Қызғылт қазан» акциясы сүт безі обырының профилактикасы мен халықтың хабардарлығын арттырудың тиімді құралы екенін көрсетті. Ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді бекіту, ерте анықтау жүйесін күшейту және профилактиканы әрбір әйелдің өмір салтының ажырамас бөлігіне айналдыру», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов.

Айта кетейік, Алматыда өмірден өткен әйел 6 адамға донор болды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум