«Қызыл рефлекс»: нәрестелердің көз ауруын ерте анықтайтын скрининг түрі енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында жаңа скрининг түрі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.
– 2027 жылдан бастап жаңа туған нәрестенің туабітті көз ауруын ерте анықтауға арналған «Қызыл рефлекс» неонаталдық скринингі енгізіледі. Оның көмегімен туа біткен катаракта, глаукома, ретинобластома, шыны тәрізді дененің патологиясы және көру ағзасының басқа да туа біткен ауруларын нәресте өмірінің алғашқы кезеңінде ерте анықтау көзделген, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ауруларды ерте анықтау емдеуді дер кезінде бастауға, ауыр асқынулардың алдын алуға, сондай-ақ балалардың көру қабілетінің бұзылуы мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
– Сонымен қатар офтальмологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды. Пациенттің маршруты мен офтальмологиялық көмек көрсету алгоритмі қайта қаралып, «Шала туған нәрестелердің белсенді ретинопатиясы» диагнозын қою және емдеу жөніндегі клиникалық хаттама бекітілді, - деп мәлімдеді министрлік.
Бұдан бөлек, елімізде шала туған нәрестелердің ретинопатиясы бар балаларға офтальмологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыруға арналған 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Құжат аясында ауруды ерте анықтау мен емдеуді жетілдіру, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және мамандардың біліктілігін арттыру көзделген.
Еске салайық, бұған дейін офтальмолог 1-2 жасар балалар арасында көздің қылилануы көбейіп бара жатқанын айтқан еді.