1-2 жасар балалар арасында көздің қылилануы көбейіп барады – офтальмолог
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Дәрігерлер елімізде көру қабілеті нашар, көзілдірік тағатын, линзаға тәуелді жастардың көбейгеніне алаңдаулы. Мұның себебін жаңа технологияның дамуынан, экологиялық қоршаған орта мен жеке бастың гигиенасын сақтамаудан іздеуге болады.

«Жасарған» көз аурулары мен одан қорғану жолдары туралы Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының офтальмохирург дәрігері, облыстың штаттан тыс бас офтальмологы Бағжан Өтепбергенов айтып берді.
– Көру қабілетіне алдымен генетика жауап береді. Егер отбасында ата-ананың бірі көзілдірік тақса, 25-30% жағдайда баласының да көзі дұрыс көрмейді. Бірақ бұл алыстан, жақыннан нашар көретіндерге қатысты емес. Адамдардың 90%-ында көру қабілеті өмір бойы төмендей береді. Мәселен, оқушылардың көз алмасы өскен сайын нашарлайды, ал ересектерде ол көзіне көп салмақ салғаннан және жүйкесіне әсер ететін жұмыстан болады. Көздің нашар көруін миопия дейді, яғни алыстан көрмеу. Қазір бұл ауру түрі кең тараған. Өйткені адамдардың көпшілігі гаджет, смартфон, компьютермен жұмыс істейді. Телефонға тәуелділіктен 1-2 жасар балалар арасында көздің қылилануы көбейіп барады. Ата-аналар балаларын ұзақ уақыт компьютер мен теледидардан шектеу қажет. Шамадан тыс пайдаланған кезде қан айналымына, көздің бұлшықетіне кесірі тиеді, - деді ол.
Маманның айтуынша, көру қабілеті компьютердің өзінен емес, монитор мен көздің арасындағы қашықтықтың сақталмауынан, демалыс режимінің болмауынан бұзылады.
– Проблемаға уақытында назар аудармаған адам құрғақ көздің созылмалы синдромына тап болуы мүмкін. Оның симптомдары мынадай: көз шаншып және ашып ауырады, шаншып, қышиды, көз жиі жасаурап, тітіркеніп, қызарады, көзде құм тұрғандай болады. Әуелгіде аурудың белгілері әлсіз байқалады және тез жазылуы мүмкін. Бірақ проблеманы елемей жүре берсе, ауру кейін қайтадан сезіліп, уақыт өте келе созылмалы түрге айналады. Ауру асқынған жағдайда синдром көздің мөлдір қабығы мен конъюнктивасын зақымдайды. Бұдан көру қабілеті ішінара немесе толық жоғалуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, бірақ асқынусыз да құрғақ көз синдромы өмір сүру сапасын айтарлықтай нашарлатады, - деді офтальмолог.
Ауруды өршітіп алмас үшін дұрыс жұмыс режимін сақтау, көзге демалыс беру, бөлмені жиі желдету, серуенге шығу сияқты қарапайым ережені орындау керек. Тіпті болмаса, көзге арналған тамшыны пайдаланған жөн. Оның құрамында консерванттар мен фосфаттар болмуы тиіс. Маман көру қабілеті нашарлаған бойда дәрігерге жүгініп, дереу көзілдірік тағуға кеңес берді.
Ал көздің жағдайын лазерьмен түзету – офтальмологиядағы озық бағыт. Ота 20-40 жас аралығында жасалады. Оның еш зияны жоқ. Керісінше көзілдірік пен линзадан құтқарады.
Дәрігер көзілдірік пен линзаның артық-кем тұстарын айтып берді.
– Көзілдірік көзге ешқандай инфекция жұқтырмайды. Оны мұрыннан су ағып, көз қабынып ауырған кезде тағуға болады. Мұндай жағдайда линза қолдануға болмайды, одан инфекция тарауы мүмкін. Көзілдірікті тағып-шешу, күтіп ұстау еш қиын емес. Жарамдылық мерзімі шектеусіз, ұқыпты ұстаса, бірнеше жыл пайдалануға болады. Тиімсіз тұстары да жоқ емес. Көзілдірік белсенді спортпен айналысуға кедергі, жазда бет терлегеннен мұрыннан ақырын сырғи береді. Қыста жылы жерге кіргенде әйнегі буланып әлекке түсесіз, тағысын тағы, - деді офтальмолог.
Линза да тура солай. Тиімділігі, жанарды талдырмайды, көзілдірікке қарағанда айналаны анығырақ көрсетеді, басты қозғалтпай, тек жанарды бұрғанда көз бұлшықеттері жұмыс істеп, жаттығады, оттегін өткізіп, көздің демалуына жағдай жасайды. Дәрігер контактілі линзалар ыңғайлы болғанымен оны ұзақ тақпауға шақырды. Мәселен, гидрогельді линзаларды 6-8 сағат, ал силикон-гидрогельді түрлерін одан ұзақ тағуға болады. Үйде болған кезде көзілдірік киген дұрыс.
– Линза тағуға болмайтын көз аурулары көп. Оның тазалығын сақтау уақыт, қаржы мен күшті талап етеді. Көз құрғағанда линза түсіп қалуы мүмкін. Линзаның силикон-гидрогельді түрін пайдалануға кеңес беремін. Оның оттегін өткізу қабілеті жоғары және ультракүлгін сәуледен қорғайды. Көзді ылғалдандырады. Линзаны таңдағанда осыны ескеру керек. Қазір түрлі-түсті линзалар сәнге айналды. Олар гидрогельден жасалғандықтан оттегін дұрыс өткізбейді. Сондықтан түрлі-түсті линзаны күніне 5-6 сағаттан артық пайдаланбау керек. Контактілі линзаның басты проблемасы – бактериялық кератит пен құрғақ көз синдромы. Линзаны қолданарда гигиенаға өте мұқият болған жөн. Оған қоса, линзадан көздің беткей қабығының сезімталдығы төмендеп, жастың шығуы азаяды. Сосын көз құрғап, бетінде жарықтар пайда болады, - деді Бағжан Өтепбергенов.
Дәрігер, ең бастысы, көзді аурудан сақтаған абзал деп есептейді. Ол үшін көзді бөгде заттардың түсуінен қорғап, жұмыс орнындағы жарықты реттеп отыру, кітап оқығанда немесе іс тіккенде оны көзден 30-35 сантиметр қашықтықта ұстау керек.
– Теледидарды ұзақ қарамау, 2,5-3 метр қашықтықта көру қажет. Темекі мен ішімдіктен алыс жүру де көздің саулығын сақтайды. Көру қабілетін жақсарту үшін тамақтану рационына қызыл және сары түсті азық-түліктер қосуға, балық пен бауыр сияқты тағам түрлерін көбірек тұтынуға кеңес берер едім. Көкөніс пен жемістер, В, А, Е дәрумендерінің де пайдасы зор. Сондай-ақ таза ауада тынығып, көзге арналған жаттығулар жасауды әдетке айналдыру керек, - деді маман.
Бұған дейін Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева шілденің шіліңгірінде ағзаны дұрыс ылғалдандырудың маңызына тоқталған болатын.