Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызыл теңізде шабуылға ұшыраған жүк кемесі суға батып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Йеменнің батыс жағалауындағы Қызыл теңізде жарылғыш зат тиелген катердің шабуылына ұшыраған жүк кемесі суға батты, деп хабарлайды Анадолу.

Қызыл теңізде шабуылға ұшыраған жүк кемесі суға батып кетті
Фото: Анадолу

Бұл туралы Йемен үкіметіне адал Ұлттық қарсыласу күштерінің өкілі Файизи Нури Авлия мәлімдеді.

Оның айтуынша, жағалау күзеті мен Йемен әскери-теңіз күштері жүргізген бірлескен операцияның нәтижесінде экипаждағы 14 адамның барлығы құтқарылды. Олардың 13-і – Үндістан азаматы, біреуі – Йемен азаматы.

Файизи Нури Авлияның мәліметінше, кеме хуситтердің бақылауындағы Ходейда қаласынан 13 теңіз милі қашықтықта шабуылға ұшыраған.

Ол кеменің Үндістанға тиесілі екенін айтты. Шабуылды кім ұйымдастырғанын нақтыламады.

20 шілдеде Иран қолдайтын Йемендегі «Ансар Алла» (хуситтер) қозғалысы Қызыл теңіздегі кеме қатынасына «тыйым» енгізілгенін жариялады. Хуситтер мұны Сауд Арабиясының өздері бақылауындағы Йемен аумақтарын қоршауға алуына жауап деп түсіндірді.

Ал Ормуз бұғазы маңында тағы екі мұнай танкеріне шабуыл жасалды.