Қызылорда футбол клубының бапкері ауысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының «Қайсар» футбол клубын жаңа маусымда тәжірибелі маман Андрей Ферапонтов жаттықтырады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Андрей Ферапонтов Премьер-лигада өзіндік қолтаңбасын қалдырған.
— Ол бас жаттықтырушы лауазымын «Мақтаарал» футбол клубында бастап, «Оқжетпес» командасында жалғастырды. Сондай-ақ «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат», беларусьтік «Рух» командаларының бапкерлік штабында абыройлы қызмет атқарған. Құрама деңгейінде де тәжірибесі жеткілікті. Бүгінде Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері міндетін атқарып жүр, — делінген хабарламада.
Ал 3 маусым бойы қызмет атқарған жаттықтырушы Виктор Кумыков келісім шарт мерзімінің аяқталуына байланысты «Қайсар» футбол клубындағы жұмысын аяқтады.
Еске салсақ, Қызылорда облысының «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың 30 қазанынан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.