Қызылорда футбол клубының жаңа иесі қордаланған қарызды жаба ма

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы биыл ешбір легионерсіз  қазақстандық ойыншылармен жасақталды. Ал 30 қазаннан бастап жеке басқаруға өтті. 

Артаев
Фото: Облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Бірақ футбол жанкүйерлерінің көкейінде «клубтың жаңа иесі «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақов «Қайсардың» қордаланған қарызын жаба ма?» деген сұрақ қалды. Бұған облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев жауап берді.

- «Қайсардың» жалақы бойынша берешегін жабу жөнінде бюджеттік өтінім бердік. Ол биыл немесе келесі жылы облыстық бюджет есебінен жабылады. Ал мердігерлердің қарызына қатысты инвесторларға ұсыныс беріп жатырмыз, - деді басқарма басшысы. 

Клубтың легионерсіз ойнауы өз футболшыларымыздың жасыл алаңдағы бар мүмкіндігін көрсетуге жол ашты. «Қайсар» осылайша биылғы маусымда 22 ұпай жинап, жалпы есептік кестеде 11-орынға тұрақтады. 

- Жеке кәсіпкердің қолына өткен соң «Қайсар» футбол клубының жұмысына араласа алмаймыз. Легионер алса да еркі өзінде. Оны жоспарына да қосқан. Тәуір ойыншылар алып жатыр, сондықтан жақсы ойын көрсетеді деген сенімдемін. Жекеге өтсе де, үздіктер қатарынан көріну туралы мақсат қойып отырмыз, - деді Бақтияр Артаев. 

Клубтың жаңа басшысы алдағы уақытта «Қайсар» академиясын салуға және инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. 

Еске салайық, Президент биылғы Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты жеделдетуді тапсырған болатын.