Қызылордадағы кәсіпорындарда еңбек шиеленісі қалай шешілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жыл басында Қызылорда облысындағы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Саутс-Ойл» және «Қазгермұнай» БК» ЖШС-де еңбек шиеленісі туындаған болатын. Мұнай кәсіпорындарындағы мәселенің шешімі туралы еңбек инспекциясы баяндап берді. 

Қызылорда кәсіпорындағындағы еңбек шиеленісі қалай шешілді
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Наразылықтың негізгі себебі — жалақыны көбейту және еңбек жағдайын жақсарту.

— Жұмысшылар жалақыны өсіру, тамақ және асуызсу мәселесін көтерген. Мұның барлығы әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда қаралып, кәсіпорын басшыларына жұмысшылардың талабын орындау жөнінде ұсыныс берілді. Облыс әкімінің басшылығымен және басқа да құзырлы органдардың араласуымен шұғыл әрекет ету нәтижесінде шешілді. Жалақы кәсіпорындардың бірінде 10,2 пайызға, бірінде 15 пайызға көтерілді, — деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов. 

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері 87 тексеру жүргізіп, 125 бұзушылықты анықтап, 73 нұсқама берген. 

— Жүргізілген тексерулер нәтижесінде еңбек заңнамасы талаптарын бұзғандарға қатысты 13 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 3,5 млн теңге айыппұл салынды. 217 жұмысшының бұзылған еңбек құқығы қалпына келтірілді, — деді Бектемір Жұмағұлов.

Бұған дейін біз Павлодар өңірінде соңғы үш жылда өндірістегі жазатайым оқиғалардан 20 адам көз жұмғанын жаздық.