Қызылорда облысында аудандық сот төрағасы ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әбдіқалықовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мұны Kazinform ақпарат агенттігінің өз ақпарат көзі растады.
- Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Аталған қылмыстық іс жөнінде бұдан бұрын әлеуметтік желіде тараған болатын.
- Сот төрағасы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс бойынша күдікті ретінде танылып отыр. Оған айып тағушы — 2024 жылы алаяқтық бабымен сотталған азамат. Алдын ала мәліметке қарағанда 2024 жылы сотталушының туыстары Әбдіқалықовқа жазасын жеңілдету үшін 6 миллион теңге берген. Осылайша ол шартты түрде жаза алған. Біраз уақыттан кейін қылмыскер өзін мерзімінен бұрын босату үшін тағы 300 000 теңге жіберген, - делінген хабарламада.
Бүгінгі күні тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, 895 адамның заңсыз әрекетінің жолын кесті.