Қызылорда облысында қуаты 20 МВт күн электр станциясы іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Шиелі ауданында «Vigor Holding» компаниясының қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Нысанның ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Іс-шараға облыс прокуроры – инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері, «Vigor Holding» және жобаны қаржылай қолдаған Қазақстанның Даму Банкінің өкілдері қатысты.
– Мемлекет басшысы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын. Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады, – деді Мұрат Ергешбаев.
Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазір өңірде жалпы қуаттылығы 151 МВт болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 МВт-тан асатын тағы жеті күн электр станциясын іске қосу жоспарланған.
Арал және Жаңақорған аудандарында қуаты 30 МВт болатын станциялар салынып жатыр. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 15 МВт, Шиелі ауданында әрқайсысының қуаты 60 МВт болатын екі күн электр станциясының жобасы әзірленуде.
Бұдан бөлек, «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің қуаты 10 МВт күн электр станциясының құрылысы алдағы айда басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында жасыл энергетиканы дамытуға шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытып отырғаны хабарланды. Өңірде 500 МВт-қа дейін электр энергиясын қабылдауға мүмкіндік беретін энергетикалық инфрақұрылым бар.