Қызылорда облысында күріш орнына суды аз қажет ететін көкөніс көлемі артты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл Қызылорда облысында күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 мың гектарға қысқарды. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азығы түріндегі, майлы дақылдар, картоп, көкөніс көлемі артты. Осылайша облыста егінді әртараптандыруға мән беріліп отыр.

– Биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суару үшін 3,9 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Қазіргі жағдай бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 92,3 текше метр су түсіп жатыр. Қоймада 1,3 млрд текше метр көлемінде су бар. Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетіні – 380 текше метр (2024 жылы – 650 текше метр). Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалануға ден қойдық. Облыста осы бағытта 238 насос жұмыс істеп тұр. Оның 25-ін Төтенше жағдайлар министрлігі қолдау ретінде жеткізіп берді, - деді басқарма басшысы.
Қазіргі күні егін шаруашылығына қажет су магистралды және шаруашылықаралық каналдар арқылы кезекпен беріліп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде ғалымдар Қызылорда облысының жағдайында өсіруге арналған өнімділігі жоғары күріштің екі түрін әзірлеуді қолға алды.