Қызылорда облысында Жаңақорған ауданының әкімі тағайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен Жаңақорған ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті.
Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Самитов Мажит Самитұлына қажырлы еңбегі үшін облыстың ең жоғары марапаты — Қызылорда облысының Құрмет грамотасын және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.
Ауданның жаңа әкімі Жарқынбек Ғалымжан Жарқынбекұлын таныстырды. Жаңадан тағайындалған аудан әкіміне инвестиция тарту, салық базасын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту жобаларын іске асыру және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша нақты әрі нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Ауданның жаңадан тағайындалған басшысына барлық ресурсты пайдаланып, жаңа жобаларды сапалы жүзеге асыру туралы тапсырма берілді.
Ғалымжан Жарқынбекұлы 1978 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Казагрэкс» мемлекеттік кәсіпорнында бас маман ретінде бастап, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
2009-2021 жылдары облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы, Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары болды.
2021 жылдың қаңтар айынан осы күнге дейін Жаңақорған аудандық мәслихатының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келді.
Бұған дейін облыс әкімі облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Нұриддин Аманқұлды аймақ активіне таныстырған еді.