Қызылорда облысындағы балық зауыты қалдықсыз өнім шығарады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 11 балық зауыты бар болса, соның 9-ы Арал ауданында орналасқан.

балық зауыты
Фото: Арал ауданының әкімдігі

Аудан әкімінің ақпаратына сүйенсек, бұл зауыттар негізінен теңіз байлығын өңдеп, дайын өнімді шет елдерге экспорттайды. «Арал СДО» кәсіпорны шет мемлекеттерге өнім жөнелтуге құқық беретін «Еурокод» белгісін 2012 жылы алған.

зауыт
Фото: Арал ауданының әкімдігі

- Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда шабақ, ал Польшаға тістіден филе жөнелтіп, одан бөлек Нидерланд, Германия, Грузия және Қытай сияқты алыс-жақын шет мемлекеттерді балық өнімімен қамтып отыр. Кәсіпорын тәулігіне 16 тонна балықты мұздатуға, 4,8 тонна филе және стейк, 1,6 тонна балық фаршын шығарады. Сондай-ақ балық өндіру, сақтау, өңдеу, сату сынды тұрақты жұмыс кестесі қалыптасқан, - делінген хабарламада.

Зауыт қалдықсыз өнім шығаруды жолға қойған. Тазаланған балықтың қабыршағы мен ішкі құрылысына дейін мұздатқышта қатырып, Шымкентке жібереді. Ондағы кәсіпорында балық сүйегінен малдың жемі әзірленеді.

зауыт
Фото: Арал ауданының әкімдігі

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су айдандарында аквашаруашылықты дамытуға болады.

Соңғы жаңалықтар