Қызылорда облысының 3 ауданында прокурор ауысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында бір күнде Қазалы, Жаңақорған және Шиелі аудандарының прокурорлары ауысты. Бұл туралы аталған аудан әкімдіктерінен хабарлады.
Қазалы ауданының прокуроры лауазымына Мадияр Бекпанов тағайындалды. Ол 1980 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 2003 жылы Қазалы ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Кейін Қазалы ауданы прокурорының аға көмекшісі, Қызылорда облыстық прокуратурасы анықтау және тергеу заңдылығын қадағалау бойынша басқармасының прокуроры, Қазалы ауданы прокурорының орынбасары, Қармақшы ауданы прокурорының орынбасары, Жалағаш ауданының прокуроры болып қызмет етті. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Арал ауданының прокуроры болды.

Шиелі ауданы активінің отырысында да жаңа прокурор таныстырылды. Бұл қызметке ҚР Бас прокурорының бұйрығына сәйкес Мейрамбек Маханбетжанов тағайындалды. Ол 1984 жылы дүниеге келген. 2004 жылдан бастап прокуратура және құқық қорғау органдарында түрлі лауазымда еңбек етті. Қызметінің әр кезеңінде Арал, Қармақшы және Шиелі аудандарында, сондай-ақ Қызылорда облыстық прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінде жауапты қызметтер атқарды. Басшылық құрамда ұзақ жылдық тәжірибесі бар.

Ал Жаңақорған ауданының прокуроры қызметіне Бақытхан Бөлеулиев лайық деп танылды. Ол 1976 жылы дүниеге келген. Прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасында тағылымдамадан өтіп бастаған. Одан соң Астана қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, орталық аймақтық көлік прокурорының көмекшісі болды. ҚР Бас прокуратурасында түрлі лауазымда қызмет атқарды. Павлодар облыстық тергеу басқармасының аға тергеушісі болды, басқармаға жетекшілік жасады. Сонымен қатар Түркістан облысы Арыс, Ордабасы және Отырар аудандарының прокуратурасын басқарды.

Бұған дейін Қызылорда облыстық сотында өткізілген жиында облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 11 қазандағы №1036 Жарлығымен жаңадан тағайындалған сот төрағалары мен судьялрды сот ұжымына таныстырды.