Қызылорда облысының бюджеті 851 млрд теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады және бюджет қаражаты қалай үнемделгенін айтып берді.
Әкімнің айтуынша, биылғы 11 ай қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің өсімі байқалған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 100 млрд теңге.
— Жыл қорытындысымен 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткізіп, 6,5% өсімді қамтамасыз етеміз. Облысымыздың бюджеті 851 млрд 300 млн теңге болып, 2021 жылдан бері 246% өсті. Оның 56% немесе 477,6 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды, — деді Нұрлыбек Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Өңірдегі даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артқан.
Сонымен бірге, бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілген.
— Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделді. Оның ішінде, білім саласынан 64 млрд 300 млн теңге, мәдениет және спорт саласынан 15 млрд 400 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді, — деп толықтырды облыс әкімі.
Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу барысында 20 млрд 100 млн теңге қаржы үнемдеу шаралары қабылданды. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов есептік кездесу өткізген еді.