Қызылорда облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы сайланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың келісімімен Жәнібек Сыздықов «Қызылорда облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

Жәнібек Сыздықов 1987 жылы дүниеге келген. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы «Қазавтожол» кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалында жол жұмысшысы болып бастаған.
2009-2013 жылдары жеке және мемлекеттік жол құрылысы мекемелерінде еңбек еткен. 2013-2023 жылдары «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС бөлім бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымында болған. Одан кейін Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып белгілі журналист Бақытжан Омаров тағайындалғанын жазғанбыз.