Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры тағайындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір активіне облыстық кәсіпкерлер палатасының жаңа директоры болып тағайындалған Ділмұхамед Абызовты таныстырды.
Ділмұхамед Абызов 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде мұнай және газ кеніштерін игеру мен пайдалану, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында экономика мамандықтары бойынша білім алған. Омбы гуманитарлық академиясында экономика мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын «Сырдария мұнай» АҚ бұрғылаушысы болып бастаған. Әр жылдары жеке секторда басшылық қызметтер атқарған. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің, «КазТекстиль» өзін-өзі басқару ұйымы директорлар кеңесінің, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» бақылау кеңесінің төрағасы болған.
2025 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
— Өңірімізге инвесторлар тарту және олардың жобаларын «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуді ұйымдастыру керек. Жергілікті бизнес субъектілерін «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі» жүйесіне тіркеу, өтінім беруін ұйымдастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, — деді облыс әкімі.
Бұған дейін Әділет министрлігі аппарат басшысының бұйрығына сәйкес Баукен Әлмеш Қызылорда облыстық әділет департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған еді.