«Қызылорда – Сексеуіл» жолы халықаралық стандартқа сай қайта жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — «Қызылорда – Сексеуіл» автожолын дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды. 

ҚазАвтоЖол
Фото: ҚазАвтоЖол

Республикалық маңызы бар «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын іске асыру аясында ҚазАвтоЖол мен Ислам даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумға қол қою көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және стратегиялық маңызы бар жол жобаларын іске асыруға халықаралық қаржы институттарын тартуға бағытталған кезекті қадам болды.

Жоба аясында ұзындығы шамамен 462 шақырым болатын «Ақтөбе – Қызылорда» автомобиль жолының «Қызылорда – Сексеуіл» учаскесін реконструкциялау көзделген. Жобаны іске асыру барысында жолды I-б техникалық санатқа ауыстыру, елді мекендерді айналып өтетін жолдар салу, жолдың жекелеген бөліктерін түзеу, жол жабынын жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және жол қозғалысы қауіпсіздігінің заманауи стандарттарын енгізу жоспарланып отыр.

«Қызылорда – Сексеуіл» жолы халықаралық стандартқа сай қайта жаңартылады
Фото: Көлік министрлігі

 

Аталған жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіреді және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға, маршруттың өткізу қабілетін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасының сапасын жақсартуға бағытталған.

Ислам даму банкімен меморандум аясындағы ынтымақтастық жобаны даярлау және құрылымдау, жобалау мен құрылыс саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу, сондай-ақ жобаны іске асырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бағыттарында жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар заманауи инженерлік шешімдерді қолдануға, көлік инфрақұрылымының орнықтылығын арттыруға және халықаралық көлік-логистикалық бағыттарды одан әрі дамытуға жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Көлік министрлігі еліміздің негізгі автожол дәліздерін жаңғырту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға халықаралық қаржы институттарын тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.