Қызылорда тұрғындары медициналық қызмет сапасына жиі шағымданған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 5 айда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кері байланыс арналары арқылы Қызылорда облысының тұрғындарынан медициналық қызмет алу бойынша 675 өтініш түскен.

Қазақстандағы ақылы медициналық қызметтердің бағасы қалай қалыптасады және кім бақылайды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Қордың Қызылорда облыстық филиалы хабарлағандай, оның ішінде пациенттердің алғысы, шағым, ұсыныстары бар.

- Өтініштердің басым бөлігі кеңес беру сипатында болды. Азаматтарды МӘМС жарналарын төлеу тәртібі, медициналық қызмет, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жолдамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу, сондай-ақ медициналық көмек көрсету шарттары, жеңілдік санаттары мен тізімдегі өзгерістер қызықтырған. 2026 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша қор жүйесіне барлығы 238 шағым түскен. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95 шағымға немесе 28,5% аз. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда қайтарып алынған шағымдардың үлесі 57,36% -дан 65,13%-ға дейін өсті. Атап айтқанда, 238 шағымның 155-і (65,13%) пациенттерді қолдау қызметі мен медициналық ұйымдардың ішкі сараптама бөлімдері арқылы «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша қайтарып алынған немесе шешімін тапқан, - делінген хабарламада.

Қызылордалықтардың не мәселе бойынша көп шағымданғаны белгілі болды. Оның ішінде медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі жөнінде 87 (36,55%), медициналық көмек көрсетуден бас тарту туралы 77 (32,35%), ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды беруден бас тартуға қатысты 24 (10,08%) шағым тіркелген.

Айта кетейік, облыста сақтандырылмаған адамдар саны 113,5 мыңнан асады, бұл – 13,9%.