Қызылордада 181 дүкен алкоголь сату талабын бұзған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында алкогольді ішімдікті заңсыз сатудың алдын алу, қоғамдық орындарда мас күйде жасалатын құқықбұзушылық және қылмыстың жолын кесу бағытында профилактикалық жұмыс атқарылып келеді.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 181 дүкен сатушысының алкоголь өнімін өткізу талаптарын бұзғаны анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулысымен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
- Сонымен қатар лицензиясы бар сауда орындарында 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімін сату дерегі бойынша 30 әкімшілік хаттама рәсімделді. Ал лицензиясы жоқ дүкендердің 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімін сатуы бойынша 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Қоғамдық орында масаң күйде жүрген, алкоголь өнімін тұтынған кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты 27 әкімшілік хаттама рәсімделді, - делінген хабарламада.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 200-бабына сәйкес мейрамхана, бар, дәмханаларда және заңда көзделген өзге де орындарды қоспағанда, алкоголь өнімін бөлшек сауда арқылы сағат 23:00-ден келесі күнгі 08:00-ге дейін сатуға, құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын алкоголь өнімін сағат 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін сатуға тыйым салынады.
Тәртіп сақшылары заң талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.