Қызылордада 240 пәтерлік алты көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан 240 пәтерлік алты көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

в
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Нұржан Ахатов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Мемлекет басшысының тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

в
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

– Президент өз Жолдауында тұрғындар, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында бұл бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 655 отбасы қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 1 581 пәтер пайдалануға беріледі, – деді Нұржан Ахатов.

Қала әкімінің айтуынша, биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен шамамен 58 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 31 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде 945 пәтер ипотекалық бағдарлама арқылы берілсе, 1 336 пәтер әлеуметтік осал топтарға арналмақ.

а
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Жаңа тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы 15 600 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 4,5 млрд теңге жұмсалған.

Сондай-ақ жиында тұрғын үйлерді сапалы салуға үлес қосқан құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.

са
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алған.