Қызылордада 3 күнде көші-қон талабын бұзудың 153 дерегі анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 8-10 шілде күндері Қызылорда облысында «Мигрант» іс-шарасы ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – облыс аумағына келген шетелдіктердің көші-қон заңнамасы талаптарын бұзу деректерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау.

Осы орайда шетелдіктер уақытша тіркелген үй-жайлар, салынып жатқан құрылыс нысандары, базарлар мен дәмханалар тексерілді.
– Іс-шара нәтижесінде 153 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдіктер тарапынан жасалған 93 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 22 адам республика аумағынан аластатылып, олардың бес жылға дейін Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салынды. Ал шет мемлекет азаматтарының Қазақстанда болу ережесін сақтамаған және еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 62 отандасымызға қатысты әкімшілік шара көрілді, - деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Сатқанбай.
Бұған дейін біз ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға күдікті бір топ адамның әрекетінің жолын кескені туралы хабарладық.