Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада 300 орындық аурухана, Президенттік кітапхана және жаңа театр салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысын тексерді.

Қызылорда облысында кейінгі жылдары салынған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жатыр.

Мемлекет басшысы жыл басында өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады» деп әлеуметтік саланың инфрақұрылымын дамыту бағдарын белгілеген болатын. Бұл ауқымды жобалардың әр кезеңінде атқарылған жұмыстар Премьер-министрдің бақылауында.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
Фото: Үкімет

Делегация алдымен Президент саябағы аумағындағы тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы құны 22 млрд теңге болатын жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС салған тұрғын үй кешенінде 945 пәтер қарастырылған, жақында пайдалануға беріледі.

Жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақ та назардан тыс қалмады. Президент саябағы аумағындағы кешенде Қытай, Жапония, Оңтүстік Африка, Аустралия, Мадагаскар, Оңтүстік және Орталық Америкадан әкелінген 92 түрлі 3,3 мыңнан астам экзотикалық және тропикалық өсімдік отырғызылған. Микроклиматты автоматты басқарудың, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.

Аталған аумақта еліміздегі үшінші Президенттік кітапхана мен драма театр бой көтеріп келеді.

Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана мен жаңа драма театр салу Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
Фото: Үкімет

Сәуір айында ғимараттың іргетасы қаланып, капсуласы салынды.

Инвестор қаражаты есебінен құрылысына 20 млрд теңге қаралған кітапханада заманауи оқу және конференция залдары, мұрағат бөлімі, баспахана, медиазертхана, подкаст студиясы болады. Мұнда 1 млн-нан астам кітап қоры сақталады.

Жаңа драма театр құрылысына да 20 млрд теңге бөлінген, ғимарат 520 көрерменге арналған. Жоба бойынша қойылым алды дайындық залдары, студия және шығармашылық кеңістіктер, әкімшілік кабинеттер бар. Түрлі жанрдағы қойылымдарды сахналауға қажетті заманауи техникамен, қуатты дыбыс жүйесімен жабдықталады.

Сондай-ақ Сырдария өзені жағалауына шайылудан қорғайтын арнайы тірек құрылымдары орнатылуда. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақ салынады. Бүгінде жұмыстың 50%-ы аяқталған.

«Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылыс алаңында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2,5 мың орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-зал орналасады.

Қазір әрлеу, металл конструкцияларын монтаждау, инженерлік және электр желілерін тарту, витраж орнату, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
Фото: Үкімет

Сапар барысында өңірде жүзеге асатын жаңа инвестициялық жобалар да таныстырылды.

Инвесторлар Сырдарияның сол жағалауынан тұрғын үй кешенін салу, желдету және ауа баптау қондырғыларын құрастыру, санитарлық-техникалық бұйымдар құрастыру және өндіру жобаларына басымдық беріп отыр. Томат пастасы мен көкөніс пюресі өндірісі агросаланың әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ инвесторлар сұйытылған табиғи газ өндіруге, екі қорғасын-мырыш тау-кен байыту зауытын, көпфункционалды сауда-ойын-сауық кешенін салуға ниет білдіріп, келіссөздер жүргізілуде.

Қызылорда қаласының шет аймағы Титов шағын ауданындағы №5 қалалық емхана бір ауысымда 400 адам қабылдайтын медициналық мекемеге айналады. Құрылысқа 9,7 млрд теңге бөлінген. Қазір үшінші қабаттың монолитті конструкциялары бетондалып, ішкі инженерлік желілер тартылуда.

Тағы бір емхана Мемлекет басшысының тапсырмасымен 14 млрд. 780 млн. теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп келеді.

Бір ауысымда 500 келушіні қабылдайтын мекемеде амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетіледі. Мамандандырылған бөлімдермен қатар, 50 төсектік күндізгі стационар, оқу кабинеттері және конференц-зал қарастырылған.

Мемлекет басшысы атап өткен 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Оған 34,9 млрд. теңге бөлінген. Медициналық кешен құрамында емхана, операция және реанимация бөлімдері, химиотерапия және радиотерапия орталықтары, физиотерапия, пансионат және әкімшілік блоктар болады. Қазіргі уақытта ішкі және сыртқы әрлеу, инженерлік жүйелерді монтаждау, керамикалық плитка төсеу, қасбетті қаптау және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Нысандарды аралау кезінде мердігер мекеме басшыларына құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты талаптарды қатаң сақтау тапсырылды.

-Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының қолдауымен өңірдің денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дамытуда бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Мақсат – медициналық қызметті жұртшылыққа қолжетімді ету. Нысандар Мемлекет басшымыздың ерекше назарында, Премьер-министр құрылыстың әр кезеңін бақылауда ұстайды. Бұл мекемелердің халыққа сапалы, жан-жақты қызмет көрсетуін бақылау осы құрылыс сатысынан басталуы керек. Ғимараттар белгіленген мерзімде, барлық талапқа сай күйінде пайдалануға берілуі тиіс. Сонда ғана емделушілерге көрсетілетін қызмет сапасы мінсіз болмақ, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, осыған дейін Нәлібаев Абай облысындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысқан болатын.