Қызылордада 34 жоғары технологиялық медициналық ота тегін жасалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысында 34 жоғары технологиялық медициналық отаға 282,4 млн теңге бағытталды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалынан мәлімдеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ай сайын кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, жалпы хирургия және басқа да бағыттар бойынша ондаған жоғары технологиялық ота жасалады. Оның бір өзіне орташа есеппен 8,3 млн теңге жұмсалады.
— Бүгінде өңірде жүрек пен қан тамырларындағы, жүйке жүйесіндегі, есту және көру қабілеттеріне қатысты ауруларды емдеу, сондай-ақ нәрестелердің туабітті ақауларын түзетуге арналған заманауи оталарды жасау мүмкіндігі бар. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 26 кардиохирургиялық ота үшін 226,4 млн теңге төленді. Ал 7 нейрохирургиялық ота 48,9 млн теңге есебінен жасалды. Мұндай қымбат әрі күрделі оталар сақтандырылған азаматтар үшін тегін әрі қолжетімді, — деді филиал директоры Жақсылық Әбдусәметов.
2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Қызылорда облысында жоғары технологиялық медициналық қызметке 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Еске салайық, биылғы қаңтар айынан бастап елімізде бұған дейін МӘМС жүйесіне кірмеген 800 мыңнан аса адам сақтандыру мәртебесіне ие болды.