Қызылордада 5 азамат дроперлік үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіл жолмен пайда табу мақсатында Қызылорда қаласының тұрғыны өзіне тиесілі банк есеп шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына 20 000 теңге сыйақыға беріп, дроперлікпен қызметпен айналысқан. Бұл туралы Қызылорда облысы прокуратурасы мәлім етті.
Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 232-1 бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
— Өз кезегінде, дроперлер алаяқтық схемаларда делдал ретінде әрекет етеді.Олардың негізгі қызметі — заңсыз жолмен келген ақшаны қабылдау, оларды басқабанктік шоттарға аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдырып, ұйымдастырушыларға беру, — деп хабарлады прокуратурадан.
Аталған құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты заңнамамен кінәлі тұлғаларға айыппұлдан бастап 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
— Егер адам заңсыз схемаға тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Осы орайда облыстық прокуратура азаматтарды алаяқтық схемалардың құралына айналмауға және өздерінің банктік деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада алаяқтық ісі бойынша 406 дроппер анықталған еді.