Қызылордада 5 елді мекеннің әкімдері сайланды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 21 маусым күні Қызылорда облысында 1 қала, 1 кент, 3 ауыл әкімінің сайлауы өтті.

Қызылордада 5 елді мекеннің әкімдері сайланды
Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы

Облыстық сайлау комиссиясы мәлімдегендей, Арал ауданының Арал қаласы әкіміне 4 кандидат дауысқа түсті. 

— Дауыс беруге сайлаушылар тізіміндегі 22 989 адамның 18 847-сі қатысты. Оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша дауыс берген ешкім болған жоқ. Ал 213 адам үй-жайынан тыс жерде таңдау жасады, 22 бюллетень жарамсыз деп танылды, — делінген хабарламада.

Дауыс беру қорытындысымен Ренат Жанаев Арал ауданы Арал қаласының әкімі болып сайланды. Ол бұған дейін Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімін басқарды. Сайлауға өзін-өзі ұсынған.

Өткен жексенбіде сондай-ақ Шиелі кенті және Жиделіарық ауылдық округінің тұрғындары да саяси науқанда белсенділік танытты. Шиелі ауданының орталығын басқару мүмкіндігіне 3 кандидат таласты. Олардың арасынан Аманкелді Өмірәлі дауыс саны жағынан басым түсті. Жиделіарық ауылдық округі әкімін сайлау жөніндегі дауыстарды санау нәтижесінде 3 үміткердің бірі Ерлан Әбілдашев жеңіп шықты.

Осы күні Жалағаш ауданының Ақсу және Жаңаталап ауылдық округтерінің де әкімдері сайланды.

— Ақсу ауылдық округінің әкіміне 3 кандидат дауысқа түсті. Ауылдық округ бойынша сайлаушылар тізіміне 1028 азамат енген. Оның ішінде сайлау бюллетеньдерін 671 адам немесе 65,27 пайызы алды. Дауыс беруге 668 адам қатысты. Көпшілік дауыспен Мейрамбек Сығайбаев Ақсу ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Жаңаталап ауылдық округінің әкіміне 3 кандидат дауысқа түсті. Олардың ішінде Қуаныш Әбдіқалықов дауыс саны жөнінен алға шықты, — деп хабарлады комиссия.

Бұл азаматтардың барлығы — «AMANAT» партиясының мүшелері, өзін-өзі ұсынған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 20 маусым тыныштық күні болды. Дауыс беру ертеңіне таңғы 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасты.