Қызылордада ашық жүрекке ота жоғары медициналық технология көмегімен жасалады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында ашық жүрекке ота облыстық көпбейінді ауруханада жасалады. Одан бөлек коронарография, коронарлық артерияларды стенттеу, аритмологиялық ота, жүрек ырғағын қалпына келтіретін заманауи құрылғыларды импланттау кеңінен жүргізіліп келеді.
- Жыл сайын кардиоорталықта 4 мыңнан астам пациент стационарлық ем алады. Оның 3 мыңға жуығына коронарография жасалады. Ал олардың 1300-ден астамына коронарлық артерияларға стент орнатылады. 400-ге жуық пациентке жүрек-қантамыр жүйесіне күрделілігіне қарай, оның ішінде ашық жүрекке ота жасалады, - деді аурухананың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург дәрігер Берік Дәуітбаев.
Орталықтың 17 жылдық қызметінде 31 жаңа медициналық технология тәжірибеге енді. Соның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмектің бірі – кеуде қуысын кеспей, шағын инвазивті әдіспен ашық жүрекке ота жасау. Бұл әдіс науқастардың тезірек сауығып, көп ұзамай әдеттегі өміріне оралуға мүмкіндік береді.
- Бұрын жүрек дертімен ауырған, ашық жүрекке отаны қажет еткен ем алушылар тек Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығына жүгінетін. Оның өзінде орталықта жыл сайын жасалатын ота саны 700-ден аспайды. Көптеген жерлесіміз кезегін күту барысында қайтыс болып кететін. Бүгінде кардиоорталықта жүректің ишемиялық, туа біткен және жүре пайда болған ақауы, жүрек ырғағының бұзылысы кезінде жоғары технологиялық диагностика мен емдеудің негізгі түрлері көрсетіледі, - деді Берік Дәуітбаев.
Айта кетейік, бұған дейін біз Алматыдағы жүрек-қан тамыры ауруына шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін қалалық кардиологиялық орталықтың жұмысы туралы жазғанбыз.