Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 150 жобаға қаржы тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 1 млрд теңгеге 150 жобаға қаржы тартылды.

Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 150 жобаға қаржы тартылды
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сыр өңірінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып отыр. 

Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

«Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға 2,5 пайызбен несие беретін „Ауыл аманаты“ жобасы аймақта тиімділігін көрсетіп келеді. Несие қаржысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі бағыттағы жобалар секілді 4 бағытқа қарастырылған. Бұл мақсатта ұсақ шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуде. Биыл 4 млрд. 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бүгінгі күні 1 млрд. теңгеге 150 жоба қаржыландырылды», — деді Н.Нәлібаев.

Қазірге дейін ол бойынша Сырдария ауданының «Бесарық» ауылындағы «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда тұрғындардың 13 бизнес-бастамасы іске асып жатыр. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубатор ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Kaz Fries» зауытының қуаты сағатына 150 келіге дейін қуырылған картоп таяқшасын өндіруге жетеді. Дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. Өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен, құрылыс тауарларын шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспары бар.

Соңғы жаңалықтар