Қызылордада ауыл баласы ұялы телефонға арналған қауіпсіз жүйе ойлап тапты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Нұрислам Айбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 7-сыныбында оқиды.
Ол жуырда облыс орталығында өткен «InnoFest Qyzylorda» инновациялық IT жобалар фестивалінде бағдарламалық жасақтама бағыты бойынша І орын иеленді. Жас өнертапқыш ұялы телефонға арналған Extrnos атты жүйені ұсынған болатын. Кейіпкеріміз идеясын жетекшісі, №37 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Гүлзат Ыбыраймен бірге жүзеге асырған.
– Мен алдымен ағылшын программисі Терри Дэвистің 64-биттік операциялық жүйесін зерттеп, қадағаладым. Соған ұқсас жүйе ойлап тапқым келді. Нәтижесінде Extrnos атты жоба дүниеге келді, оған 7 ай уақыт жұмсадым. Бұл – ұялы телефонға арналған, Android пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз жүйе. Телефонды хакерлік шабуылдардан қорғауға, байланыс құралының жылдам қозғалуына, яғни қатып қалмауына мүмкіндік береді, - деді Нұрислам Айбекұлы.

Кейіпкеріміздің информатикаға қызығушылығы 7 жасынан басталған. Мұны байқаған мұғалімі ынтасын арттырып, пән олимпиадалары мен түрлі байқауларға қатысуына ықпал етті. Нұрислам Қызылорда стартаптар мен ІТ өңірлік хабының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтан сабақ алып, жаңа технологияның қыр-сырына қанықты. Ол жоба жасау барысында Bootloader жасау, яғни операциялық жүйені іске қосу қиындық тудырғанын айтты.
– Бұл жүйені орнату үшін телефонда Android, Raspberry Pi, ARM64 архитектурасы болуы керек. Телефонға оны компьютер арқылы орнатамыз. Жоба аяқсыз қалмайды, әлі жұмыс атқарамыз. Толық аяқтауға біршама уақыт қажет, - деді жас өнертапқыш.
Еске салсақ, Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Гаухар Марат жуырда Қазақ хандығы дәуірін жаңаша сипатта танытатын «Алтын тақ» танымдық үстел ойынын құрастырды.