Қызылордада автобустар бір күнге кітапханаға айналды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада дәстүрлі «Әдеби автобус» жобасы аясында «Кітап QALA» атты мерекелік шара өтті. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оны 23 – сәуір Ұлттық кітап күніне арнады.

Бағыты теміржол вокзалынан басталатын №1 қоғамдық көліктің іші-сырты дәйекті сөздермен, шарлармен безендірілді. Кітапханашылар қала тұрғындарына кітапқа байланысты халықаралық жобаларды таныстырды.

– Биыл алғаш рет күнтізбеге енгізілген атаулы күнге орай еліміздің, оның ішінде облыс кітапханаларында ұлттық кітап апталығы өтіп жатыр. Бұл мереке ана тіліміздегі ұлттық танымдық кітаптардың насихатталуына, шығарма авторларының беделін арттыруға қозғау салады деп есептеймін, – деді қалалық кітапхананың кітапханашысы Нұргүл Төлеубай.
Шара барысында кітапхананың белсенді оқырмандары ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, кішкентай өнерпаздар әннен шашу шашты. Әртүрлі викториналық сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдердің жалғасын, жұмбақтардың шешімін тапқан жолаушыларға сыйлақтар берілді.

Бұл іс-шараға «Ауыл» партиясы Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиалы, Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Мирамбек Исаев демеушілік жасады.
Ұлттық кітап күні аясында өтетін іс-шаралар апталығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Ұлт және ұлттық кітап» атты ашық есік күнінен басталған болатын.