Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада айыппұлдың қомақты бөлігі жол ережесін бұзғандарға салынған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 6 айда Қызылорда облысында жолда жүру ережесін бұзудың 174 443 дерегі анықталды.

Қызылордада айыппұлдың қомақты бөлігі жол ережесін бұзғандарға салынған
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оның 99 623-і немесе 57,1%-ы – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар.

– Жол-көлік оқиғаларының саны 6,4%-ға, қаза тапқандар 2%-ға, жарақат алғандар саны 7,5%-ға төмендеді. Талдау нәтижесі жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамауы қайғылы оқиғаларға әсер ететінін көрсетті. Мысалы, көлікті масаң күйде басқарудың –  425, қарсы бағытқа шығудың – 194, жылдамдықты асырудың – 69 993, ұялы телефон қолданудың – 5907, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 5505 дерегі анықталған, – делінген хабарламада.

Айыппұлдың қомақты бөлігі де осылардың еншісінде. Әкімшілік құқық бұзғандарға 2 млрд 822 млн теңгеге жуық айыппұл салынса, соның 2 млрд 468,5 млн теңгеден астамы жол қауіпсіздігі саласына тиесілі. Оның 83,3%-ы өндірілген.

Айта кетейік, кеше ғана Атырау облысында Toyota Sienna мен Lada Granta автокөліктері соқтығысып, бір адам көз жұмды.