Қызылордада азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің 30 дерегі анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және қадағалау Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі саналады.
Облыс бюджетін тиімді әрі орнымен пайдалану мақсатында департамент мамандары өткен жылы 2 әлеуметтік жобаның сметалық құжаттамасынан баға көтеру фактілерін анықтады. Жобалар құны қайта қаралды.
– Нәтижесінде 800 млн теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделді. Ол халықтың әлеуметтік қажеттілігіне бағытталды. Мұндай іс-шаралар облыстың қаржылық тәртібін күшейтуге және әлеуметтік бастамаларды қолдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстеме бағасын негізсіз көтеру бойынша 30 дерек тіркелді. Кінәлілерге құқық бұзу құрамының болмауына байланысты әкімшілік шара қолданылды, - делінген департамент хабарламасында.
Тариф қалыптастыруда да кемшілік кездесті. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалы 30 мыңнан астам тұтынушыдан газ тарату желісіне алғаш рет қосылғаны үшін заңсыз абоненттік төлем алған. Оның жалпы сомасы 193 млн теңге болды. Компания бұл қаражатты тұтынушылардың жеке есепшотына қайтара бастады.
– Қылмыстық іс аясында темекі өнімдерін сату бойынша 7 нысанда тінту жүргізілді. 939 вейп, 1840 темекі бұйымы және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді, - делінген хабарламада.
Мәдениет және спорт саласындағы «Арт-спорт» бағдарламасы аясында қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру арқылы 15 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді.
Бұған дейін біз елімізде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталғанын хабарладық.