Қызылордада бейнебақылау камералары арқылы 176 қылмыс ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 80 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзу дерегі анықталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оның басым бөлігі немесе 67 мыңға жуық адам жол ережесін бұзған.
— Ішкі істер министрлігі Әкімшілік кодекстің азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін бірқатар бабын бекітті. «Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру мақсатында бейнебақылау инспекторлары ұсақ бұзақылық деректерін анықтады. Оның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша 4010, осы кодекстің 440-бабы бойынша 2475, ал 449-бабы бойынша 662, басқа да баптармен 5820 құқықбұзушылық тіркелді, — делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары арқылы биыл 176 қылмыс ашылған.
Жуыра Абай облысында бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау жүйесі іске қосылды.