Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылордада бруцеллез ауруының 21 жағдайы анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 6 айда Қызылорда облысында бруцеллез ауруының 21 жағдайы тіркелді.

Қызылордада бруцеллез ауруының 21 жағдайы анықталды
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, оның 12-сі Қызылорда қаласында, 3-і Қазалы, 3-і Қармақшы, 2-і Жаңақорған, 1-і Арал аудандарында тіркелді.

— Науқастардың 42,9%-ы — ауылдық елді мекен тұрғындары. Барлық науқас бруцеллез ауруынан қолайлы елді мекендерде тіркелген. Ауру көзімен қарым-қатынаста болған 73 адам есепке алынып, лабораториялық жолмен зерттелді, нәтижесі теріс болып шықты. Ауру ошақтарында қоршаған ортадан 73 сынама алынып, 8-інен немесе 22,9%-ынан оң нәтиже анықталды. Бұл бойынша ветеринария саласына хабарлама беріліп, ошаққа дезинфекция жұмысы жүргізілді, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.

Бруцеллез — адамдар мен мал арасында кездесетін жұқпалы ауру. Бұл ауруға барлық үй жануары шалдығады. Адамға көп жағдайда қой мен ешкіден жұғады. 

— Малдың ет-сүт өнімдерін шикі немесе термиялық өңдеуден өткізбей пайдалану, ауру малды резеңке қолғапсыз сою, қырқу және терісін өңдеу қауіп туғызады. Осы орайда ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғапты пайдалану қажеттігін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу қажеттігін еске саламыз. Дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда ауру асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтыруы ықтимал, — деп ескертті басқарма басшысы.

Ал Атырау облысында биылғы алғашқы 6 айда бруцеллезге қарсы жүргізілген зерттеу барысында 335 бас малдан ауру анықталды.